Қытай делегациясы «Рубикомда» болды
Отандық ет өнімінің ҚХР сыртқы нарығына экспортын арттыру мақсатында сапар үшін елдегі ең ірі әрі келешегі зор екі кәсіпорын таңдалды, солардың бірі «Рубиком» компаниясы болды. Өндірістің тұйық циклінің басты буыны болып табылатын мал шаруашылығы кешенінің арқасында кәсіпорын бірнеше жылдан бері Павлодар өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы сөзсіз көшбасшы болып келеді.
Бүгінгі таңда мал шаруашылығы кешені ірі ақ тұқымды шошқаларды өсіретін асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие және Павлодар облысы аумағындағы ең ірі кешендердің бірі саналады. Компания жұмыс істеген жылдар ішінде дамыған шикізат базасынан бастап ет өнімдерін заманауи өңдеуге және оны өткізуге дейінгі өндірістік тізбектің барлық буынын қамтитын тік интеграцияланған холдинг құру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Цехтан қоймаға дейінгі өндірістің барлық кезеңінде қатаң ветеринариялық-санитариялық бақылау жүзеге асырылады. Зауыт жанынан құрылған бактериологиялық және химиялық зертханалар шикізаттың экологиялық тазалығын және шығарылатын өнімнің сапасын күн сайын қадағалап отырады.
Сонымен қатар қытайлық көршілеріміз қазақстандық шошқа етіне айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Қытай тарапы сапарының басты мақсаты республиканың ветеринариялық саламаттылығын зерделеу және Қазақстанның шошқа шаруашылықтары мен ет өңдеу кәсіпорындары сапасының халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жүргізу болды. Кездесу барысында қытай делегациясы малды ұстау жағдайларымен, ветеринариялық қауіпсіздіктің жай-күйімен танысты. ҚХР сарапшыларына комбинат бойынша егжей-тегжейлі экскурсия өткізілді, олар компанияның техникалық жарақтануы мен инфрақұрылымын лайықты бағалап, мал союдың және етті сақтаудың ережелерін зерттеді. Инновацияларды тұрақты енгізу және клиенттермен жұмысқа кешенді көзқарас та делегаттар атап өткен негізгі сәттердің бірі болды. Кездесу қорытындысы бойынша қытай тарапы отандық өнімнің пайдасына шешім шығарды.
«Рубиком» компаниясы шошқа етінің сапасы мен өндірісі үшін жоғары сараптамалық баға алды. Комиссия отырысы аясында одан әрі ықтимал ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Өз тарапынан «Рубиком» компаниясы Қытаймен достық қарым-қатынасты нығайтуға және өзара тиімді серіктестікті дамытуға ниетті.