Біз экология үшінбіз
Көгалдандыру іс-шарасына барлығы жиырмадан астам маман қатысты. Құрама жем зауытының, автокөлік цехының, мал шаруашылығы кешенінің және ет өңдеу комбинатының аумағында жалпы алғанда пирамида тәрізді теректің бес жүзден астам көшеті және алпыс қайың отырғызылды.
Жыл сайын жылы күндер шығып, ауа райы қолайлы болғанда кәсіпорында өндірістік аумақты жасыл желекпен көгалдандыру және абаттандыру бойынша бірқатар іс-шара өткізіледі.
— Санитариялық-қорғаныш аймағы шегіндегі кәсіпорын бөлімшелеріндегі жасыл желек табиғи сүзгі қызметін атқарады. Өсімдіктер қолайлы микроклимат жасайды, ауаны оттегімен байытады, зиянды шығарындыларды сіңіреді, оңтайлы ылғалдылықты сақтайды, шудан қорғайды, топырақ қабатын бекітіп, оның су және жел эрозиясына қарсы тұрады, — дейді қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженер Татьяна Ширяй.
Жыл сайынғы көгалдандырудың арқасында компанияның құрылымдық бөлімшелерінде және оларға іргелес аумақтарда қорғаныш тосқауылы — «жасыл белдеу» пайда болады. Мұндай экологиялық іс-шаралар ауаны зиянды заттардан тазартуға ықпал етеді. Ағаштың екі түрі таңдалады: пирамида тәрізді терек және қайың. Терек мұндай рөлге өте жақсы келеді. Оның кең әрі жабысқақ жапырақтары шаңды сәтті ұстап, ауаны сүзеді. Ол тез өсіп, көміртегі қос тотығын сіңіретін және фотосинтез арқылы оттегі бөлетін жасыл массасын арттырады. Санитариялық-қорғаныш аймағының аумағындағы бұрыннан бар жасыл желек барынша сақталып, аймақты көгалдандырудың жалпы жүйесіне енгізіледі.
— Санитариялық-қорғаныш аймағын көгалдандыру қоршаған ортаны қорғау жөніндегі табиғат қорғау іс-шараларының жоспарларына енгізілген. Компанияның әр бөлімшесінде жасыл желекті суаруға және күтіп-баптауға жауапты қызметкерлер бекітілген. Жыл сайын бұрын отырғызылған ағаштардың қатарын жас көшеттер толықтырады, соның арқасында өндірістік аумақтар әдемі әрі эстетикалық келбетке ие болады, — дейді Татьяна.
Өнеркәсіптік аумақтарды абаттандыру — бұрыннан бар және жаңадан жасалатын ландшафт пен кәсіпорын ғимараттары кешенінің үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін, бірігіп жайлы өндірістік орта құрайтын аса маңызды іс-шаралардың бірі.
