Компания

Санитария мен гигиена «РУБИКОМНЫҢ» іргетасы

Санитария мен гигиена «РУБИКОМНЫҢ» іргетасы

«Рубиком» компаниясының ет өңдеу комбинаты – көптеген өндірістік үдерістер мен цехтардан, түрлі жабдықтар мен мүкәммалдан тұратын орасан зор механизм. Комбинатта етті қабылдау, тамақ өнімдерін сақтау және тиеп жөнелту үй-жайлары тұрақты санитарлық өңдеуден өткізіледі.

– Комбинатта санитарлық нормаларды сақтау және санитарлық-дезинфекциялық іс-шараларды тұрақты жүргізу ет және шұжық өнімдерін өндірудің технологиялық үдерісіндегі аса маңызды буын болып табылады. СДУ қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін сапалы әрі адал атқаруының арқасында сатып алушы тамақтан улану қаупі жоқ жақсы өнім алады, – дейді санитарлық-дезинфекциялық учаскенің бастығы Шолпан Дарибаева.

Шолпан Жанатбековна кәсіпорында көп жылдан бері жұмыс істейді, оның айтуынша, осы уақыт ішінде өндірісте ауқымды өзгерістер болды, бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалды – барлық өндірістік цехтардың санитарлық жай-күйінің сақталуын қатаң бақылау. Өндірісте пайдаланылатынның бәрі, соның ішінде өнім дайындалатын және сақталатын, ингредиенттер тасымалданатын және тартылатын жабдықтар мен ыдыстар тұрақты негізде міндетті санитарлық өңдеуден өтеді.

– Азық-түліктің қауіпсіздігі мен жоғары санитарлық сапасын қамтамасыз ететін гигиена және санитария талаптарын сақтау – кез келген тамақ өндірісінің негіздерінің бірі. Комбинатта үй-жайлар мен жабдықтарды жуу және өңдеу үшін еліміздің аумағында қолдануға рұқсат етілген австриялық «Anti Germ» фирмасының жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдаланамыз. Біз әртүрлі құралдардың көбін бірнеше рет сынап көрдік, бірақ санитарлық өңдеу бойынша ең жақсы көрсеткіш австриялық өндірушіде деген қорытындыға келдік, – дейді СДУ учаскесінің бастығы.

Санитарлық-дезинфекциялық учаскеде қырықтан астам адам еңбек етеді. СДУ ұжымы өте тату әрі еңбекқор, әрқайсысы компанияда көп жылдан бері жұмыс істейді. Санитарлық-дезинфекциялық учаске бастығына екі ауысым шебері, ал оларға өз кезегінде бригадирлер мен жұмысшы персонал бағынады. Негізінен бұлар төрт ауысыммен жұмыс істейтін бөлшектеу цехының, еттің және автокөліктің жуушылары, қызметтік үй-жайларды жинаушылар, арнайы киімді жуу және жөндеу машинистері. Ұжымның негізгі бөлігін әйелдер құрайды, бірақ олардың арасында міне, он жыл бойы бір ер адам да еңбек етіп келеді.

– Бір қарағанда СДУ персоналының жұмысы оңай сияқты көрінеді. Бірақ бұл қате пікір. Бұл – ауыр әрі ыждағатты еңбек. Егер жабдық немесе мүкәммал нашар өңделсе, бұл ең алдымен дайын өнімнің сапасына әсер етеді, демек, компанияның беделіне нұқсан келтіреді. Нұсқаулыққа сәйкес, жуушылар жұмысының сапасын ветеринариялық қызмет, бөлімше бастығы, учаске шебері тексереді, ал тексеруді сынақ зертханасы аяқтайды, – дейді Шолпан Дарибаева.

Айқас ластануға жол бермеу үшін санитарлық-дезинфекциялық учаске персоналының міндеттері жинау аймақтары бойынша бөлінген. Кәсіпорындарда аумақты, өндірістік үй-жайларды, жабдықтарды, мүкәммалды, ыдысты санитарлық өңдеу жуу және профилактикалық дезинфекциялау жөніндегі қолданыстағы нұсқаулыққа сәйкес жүргізіледі. Өндірісті жуу және дезинфекциялау қолмен және механикаландырылған тәсілмен жүзеге асырылады.

– Қызметкерлердің міндетіне жабдықтар мен үй-жайларды ғана емес, сонымен қатар киім-кешек бөлмелерін, кір жуу орнын, әкімшілік ғимараттарды өңдеу де кіреді. Әр ауысымда комбинат қызметкерлері мамандарымыз әзірлеген жаңа, таза киім алады. Арнайы киімді жуу және жөндеу ЕӨК кір жуу орнында орталықтандырылып жүргізіледі. Қызметкерлердің барлық киімі сәйкестендірілген, ал жұмыс аяқ киімі жұмыстан кейін бактерицидті шаммен кептіруге және зарарсыздандыруға арналған арнайы кептіргішке орналастырылады. Мұны кір жуу машинисі бақылайды. Жұмысшы персоналдың жуылған және кептірілген арнайы киімі арнайы түрлі түсті қаптарға салынады. Әр бөлімшеде олардың түсі әртүрлі, – деп түсіндіреді СДУ бастығы.

Жұмыс аяқталғанда ауысым шебері СДУ бастығына өткен тәулік бойынша персоналдың атқарған жұмыстары туралы күнделікті есеп береді. Әр ауысымның жуу кестесін жасау және сақтау міндеті жүктелген өз бригадирі бар. Бұл кестені комбинат директоры мен оның орынбасары бекітеді. Бұрын чек-парақтар да болған, оларды жұмыс басталар алдында әр ауысым учаске бастықтарына тапсыратын, қазір барлық есептілік арнайы бағдарламада жүргізіледі. Комбинаттағы жұмыстан бөлек, санитарлық-дезинфекциялық учаске қызметкерлері компанияның барлық нысандарын ашуға белсенді қатысты. Мысалы, құрама жем зауытын, «Мирас», «Greenwich» және «Batyr mall» сауда үйлерін дайындады.

Санитарлық-дезинфекциялық учаске ұжымы барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, баршаға мықты денсаулық, кәсіпорынға өркендеу және бейбіт аспан тілейді!

жаңалықтар